by zhumatov

Share

Share

2025 жылғы 11–12 қыркүйек күндері Атырау қаласына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары келді. Визит өңір халқының денсаулығы мен экологиясына қатысты мәселелерге арналды.

Негізгі отырыс Индустриялық университеттің базасында Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев атындағы Коммуникациялар дамыту орталығы ғимаратында өтті. Шараға облыс әкімі, мәслихат депутаттары, экологиялық және медициналық мекемелердің өкілдері, мұнай-газ компаниялары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында Атырау облысындағы экологиялық проблемалар, оларды шешу жолдары және қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Хамза Жұматов атындағы «Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» филиалы атынан филиал директоры Сыдыманов Ерғали Жақсыбекұлы және аға ғылыми қызметкер Досмұхаметов Асхат Тұрсынханұлы баяндама жасады. Баяндаманың тақырыбы: «Атырау облысының мұнай-газ өңірлеріндегі халық денсаулығы көрсеткіштерінің динамикасын бағалау (2020–2024 жж.)». Бұл баяндама үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылардың назарын аударды. Ол Ғылыми орталықтың беделін арттыруға ықпал етпек.

Визиттің екінші күні, 12 қыркүйекте, Атырау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерімен кездесу өтті. Онда атмосфералық ауаның, ауыз судың сапасына және экологиялық факторларға байланысты халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерді бағалау мәселелері талқыланды.

Ғылыми орталығымыздың осындай беделді іс-шараға қатысуы одан әрі даму жолындағы маңызды қадам болды. Алдағы уақытта кешенді экологиялық және медициналық зерттеулерді жандандыру, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қолдауымен оларды іске асыруға инвестициялар тарту жоспарланып отыр.