by zhumatov
Share
Share
Қазақстан Республикасы күні аясында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-ның «Хамза Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» филиалының иммунология және вакцинология зертханасының меңгерушісі Денисова Татьяна Геннадьевна жоғары мемлекеттік марапат — «Парасат» орденімен марапатталды.
Татьяна Геннадьевна Денисова 1955 жылғы 19 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне түсіп, 1978 жылы үздік дипломмен бітірді.
1978 жылдың тамыз айынан 1987 жылдың ақпанына дейін Алматы қаласындағы №52 дәріханада провизор-аналитик қызметін атқарды.
1987 жылдың ақпанында конкурстық іріктеу нәтижесімен Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар институтының иммунодиагностика зертханасына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды.
1993 жылы «Сальмонеллездерді иммунодиагностикалауда эритроцитарлық реагенттер» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғап, 14.00.36 – аллергология және иммунология мамандығы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.
2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Хамза Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» филиалының иммунология және вакцинология зертханасын басқарып келеді.
Татьяна Геннадьевнаның кәсіби қызметі инфекциялық ауруларға арналған диагностикалық препараттарды әзірлеу және бағалау саласындағы мол тәжірибемен сипатталады. Оның маңызды ғылыми нәтижелерінің бірі – вакцинацияның ерте кезеңдегі жасушалық антигенспецификалық иммундық жауап динамикасына әсерін анықтау.
Ол төмендегі ғылыми-зерттеу жобаларының орындаушысы болды:
• 1288/ГФ-3 – «Обаға қарсы егілгендердегі антигенспецификалық жасушалық жауапты зерттеуге арналған биологиялық препаратты әзірлеу және бағалау»;
• 4187/ГФ-4 – «Адаптивті иммундық жауаптың ерте сатысында антигенмен байланысатын жасушалардың фенотиптік сипаттамасы».
2018-2023 жылдары «Декреттелген топтарды және сальмонеллездік не бруцеллездік инфекция күдігі бар пациенттерді тексеруге арналған эритроцитарлық және латекстік сальмонеллез диагностикумдарын өндіру және енгізу» атты 0278-18-ГК гранты жүзеге асырылды. Жоба нәтижесінде ҚР ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» базасында 9 диагностикалық препарат тіркеліп, олардың өндірісі қазіргі таңда табысты жұмыс істеп тұр.
Ғылыми көрсеткіштері: Хирш индексі – 1, жалпы 3 дәйексөз; ORCID: 0000-0002-0820-4150, Scopus ID: 7006463766. 100-ден астам ғылыми еңбектері жарияланған, 5 авторлық куәлікке ие.
Денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі үшін төмендегі марапаттар берілген:
1. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі (№1277 куәлік, 2005 ж.);
2. «Еңбек ардагері» медалі (№0148 куәлік, 2020 ж.).




