by zhumatov

Share

Share

Ағымдағы жылдың 3–14 қараша аралығында Алматы қаласында, ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының филиалы — «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтің ғылыми-тәжірибелік орталығының» тренинг-орталығы базасында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына арналған екі циклді біліктілікті арттыру курсы өтті.

«Білім беру және тәрбиелеу объектілерінің үй-жайларында және аумақтарында ауаның ластануы туралы деректерді жинау және талдау әдістемесі» тақырыбы бойынша оқыту екі кезеңде ұйымдастырылды: 3–7 қараша және 10–14 қараша.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі. Бұл жұмыс «Балалар денсаулығы үшін қолайлы қоршаған орта» бағдарламасы аясында іске асырылды.

Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі — балалар денсаулығына қоршаған ортаның зиянды факторларының әсерін ескере отырып, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.

Біліктілікті арттыру аясында Х. Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтің ғылыми-тәжірибелік орталығының лекторлары халықаралық және ұлттық деңгейдегі қоршаған ортаны мониторингілеу стандарттарына, атмосфералық ауаның ластануы жөніндегі мәліметтердің көздеріне, білім беру ұйымдарындағы үй-жайлар мен сыртқы аумақтағы басым ластаушы көздерге, сондай-ақ олардың өлшеу әдістері мен балалар денсаулығына әсеріне қатысты материалдар ұсынды.

Қатысушылар ауаның ластануы туралы деректерді жинау, құрылымдау және талдау әдістемесі бойынша теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Балалар — халықтың ең осал топтарының бірі екені белгілі. Сондықтан да алынған дағдылар санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің сапасын жақсартуға, сондай-ақ экологиялық қауіптер мен оларға байланысты балалар аурушаңдығын кешенді бағалауға мүмкіндік береді.