by zhumatov

Share

Share

15 қыркүйекте Алматы қаласында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің алғашқы халықаралық конгресіне Қазақстаннан және шетелден 700-ден астам сарапшы жиналды. Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы Қазақстан халқының денсаулығына атмосфералық ауаның ластануының әсерін зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Конгресс жұмысына мемлекеттік органдардың, медициналық және ғылыми ұйымдардың, кәсіби қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшыларды қоса алғанда, 700-ден астам маман қатысты. Форум Қазақстандағы санитариялық-бактериологиялық зертханалар желісінің 105 жылдығына және көрнекті ғалым Масғұт Айқымбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналды.

Марапаттау рәсімі аясында ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» филиалының директоры Ерғали Сыдыманов «Ұлттық сараптама орталығына 10 жыл» медалімен марапатталды.

Конгресс барысында Хамза Жұматов атындағы Орталық «Денсаулықты қорғау жолында 1925 жылдан бастап» ұранымен өзінің көрме стендін таныстырды. Орталықтың қызметкерлері конгреске қатысушыларға зертханалардың қызмет бағыттары туралы ақпарат беріп, өз өндірісінде шығарылатын өнімдерді таныстырды. Сонымен қатар, қонақтарға Орталықтың негізгі қызмет бағыттары мен көрсететін қызметтері туралы ақпараттық буклеттер таратылды. Көрме стенді форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.

Күннің екінші жартысында Масғұт Айқымбаевтың ғылыми мұрасы, зертханалық қызметтің дамуы және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етудің заманауи сын-қатерлеріне арналған тақырыптық секциялар өтті.

Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің заманауи сын-қатерлері мен келешегі» секциясында зерттеу нәтижелерін таныстырды. Филиалдың Профилактикалық медицина, гигиена және экология зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Асхат Досмұхаметов «Атмосфералық ауаның ластануы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығына әсер ететін экологиялық қауіп факторы» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеу барысында еліміздің қалаларындағы атмосфералық ауаның сапасы тыныс алу ағзаларының, қан айналымы жүйесінің аурулары және жаңа түзілімдер бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерімен салыстырылды. Баяндамашы нормативтік көрсеткіштердің асып кету жағдайларын тіркеуден тәуекелдерді жүйелі басқаруға көшуді ұсынды: қоршаған ортаның мониторингі мен медициналық статистика деректерін біріктіру, тәуекелі жоғары аймақтарды анықтау және осал топтар арасында профилактикалық шараларды күшейту. Баяндама секция қатысушылары тарапынан жоғары бағаланды.